Оқу-ағарту министрлігі Тараздағы баланы ұру оқиғасына қатысты пікір білдірді
Оқу-ағарту министрлігі Тараз қаласында кәмелетке толмаған балаға қатысты күш қолдану дерегіне байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған оқиғадағы балалар уақытша Қамқорлық үйіне орналастырылған. Қазіргі таңда оларға толық қауіпсіздік пен тиісті күтім қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Балалар мамандардың тұрақты бақылауында, жағдайлары тұрақты деп бағалануда.
Министрлік мәліметінше, оқиғаға кінәлі барлық тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады. Ал ата-аналық құқықтардан айыру мәселесі Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Тараз қаласының тұрғыны кішкентай ұлына қатыгездік көрсеткен бейнежазба тараған болатын. Кадрларда әйелдің балаға физикалық күш қолданып, үлкен қызын да бұл әрекетке қатысуға мәжбүрлегені анық көрінеді.