Жаңалықтар

Еркін тыныс алудың революциясы: өңір медицинасында бұрын болмаған оториноларингологиялық ота жасалды

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында медицина тарихында ерекше оқиға тіркелді. Мұнда мұрын қалқасының ірі жарақаттардан болған тіліктерін жабу бойынша өңірде алғаш рет жоғары технологиялы эндоскопиялық операция сәтті өткізілді.

Бірнеше жылдар  бойы мұрын арқылы еркін тыныс ала алмай, тұрақты құрғақтық, жайсыздық пен тоқтаусыз мұрыннан қан кету дертімен өмір сүрген науқасқа күрделі хирургиялық араласу жасалды. Мұрын қалқасындағы 3,0 × 2,0 см көлеміндегі ауыр ақау заманауи эндоскопиялық тәсіл арқылы толықтай жойылды.

Бірегей отаны Алматы қаласынан арнайы шақырылған жетекші эндоскопиялық лор-хирург Мұхтар Жұмахметов шеберлік сыныбы ретінде жасап, өңір дәрігерлеріне тәжірибелік үлгі ұсынды. Ота жоғары деңгейде өтіп, науқас алғаш рет еркін тыныс алу мүмкіндігіне ие болды, барлық шағымдары лезде-ақ толықтай жойылып, бірден еркін тыныс ала бастады. 

Бұл жетістік өңірлік медицинаның жаңа кезеңге өткенін айқын көрсетеді. Бұрын тек ірі қалаларда жасалатын мұндай күрделі хирургиялық араласулар енді жергілікті аймақта 
қолжетімді болмақ. 
Бұл — жүздеген науқастың өмір сапасын түбегейлі өзгертетін маңызды қадам.

Жақын уақытта аталған әдіс бөлімше тәжірибесіне тұрақты енгізіліп, жоғары технологиялы лор хирургияның дамуына серпін береді.