Қазақстан 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізеді: жарыс Алматыда өтпек
2029 жылы өтетін Қысқы Азия ойындары Қазақстан аумағында ұйымдастырылатын болды. Бұл туралы Азия Олимпиадалық кеңесіне (OCA) сілтеме жасаған Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Ресми келісімшартқа қол қою рәсімі 5 ақпанда Италияның Милан қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бастапқыда 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын Сауд Арабиясы қабылдайды деген жоспар болған. Алайда қаңтар айында Сауд Арабиясының Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесі бірлескен мәлімдеме жасап, турнирдің өткізілу мерзімі белгісіз уақытқа кейінге шегерілгенін хабарлаған.
Кейін белгілі болғандай, Сауд Арабиясындағы Неом қаласында салынып жатқан инфрақұрылым нысандары жоспарланған мерзімнен кешігіп жатыр. Осыған байланысты ел үкіметі Қысқы Азия ойындарының Неомда өтпейтінін ресми түрде жариялады.
Осыдан кейін Азия Олимпиадалық кеңесі жаңа қабылдаушы мемлекетті анықтау мәселесін қайта қарап, нәтижесінде құрлықтық дода төрт жылдан кейін Қазақстанда, нақтырақ айтқанда, Алматы қаласында өтетін болды.
Айта кетейік, соңғы Қысқы Азия ойындары 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылған еді.
Мамандар бұл шешім Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беріп, Алматының халықаралық спорт аренасындағы беделін күшейте түседі деп күтуде.