Мемлекет басшысын Исламабад әуежайында Президент Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алды
Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды..
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалып, сап түзеген әскерилер жоғары деңгейдегі құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Пәкістанның мемлекеттік туларын ұстаған балалар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевке қошемет білдіріп, қонақжайлықтың белгісі ретінде жылы ықылас танытты.
Бұл ресми сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ертең жоғары деңгейде келіссөздер өткізу жоспарланған. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы саяси диалогты тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады.
Тараптар өзара тиімді серіктестікті дамыту, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды көздеп отыр. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Айта кетейік, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенімге негізделген және соңғы жылдары тұрақты түрде дамып келеді. Бұл сапар аталған байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп күтілуде.