Жамбыл облысында жылыту маусымы қалыпты деңгейде өтуде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі кеңінен қаралды.
Кеңесті ашқан аймақ басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың маңызына тоқталып, жаңа Конституция жобасын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Аталған бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының үйлестірілуі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жүктелді.
Жылыту маусымының барысы
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтышев баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 125 тәулігі өтіп, жалпы көлемі 812 мың гигакалория жылу энергиясы өндірілген.
Қазіргі таңда облыс аумағында 9 отын-энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауда, ал барлық кәсіпорындардың апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.
Отын қоры мен мазут жеткізілімі
Өңірдегі отын-энергетика кешендері негізгі және резервтік отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Жалпы облыс бойынша жоспарланған көмір көлемі 191,1 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде:
халыққа арналған 134,9 мың тонна көмір толық жеткізілген;
автономды қазандықтарға арналған 56,2 мың тоннаның 55,2 мың тоннасы тасымалданған;
Қордай ауданындағы білім беру нысандарына қажетті 5 мың тонна көмірдің 4 мың тоннасы жеткізілген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тарапынан облысқа 34,3 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінген. Оның ішінде Жаңатас қаласының қазандығына 12 805 тонна мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған.
Қазан–желтоқсан айларына жоспарланған 8 500 тонна мазут толық жеткізіліп, қазіргі таңда қоймада 33 тәулікке жететін 2 529 тонна мазут қоры бар. Тәуліктік тұтыну көлемі 75–80 тоннаны құрайды.
Әкімнің тапсырмалары
Кеңес қорытындысында Ербол Қарашөкеев салаға жауапты орынбасары Алтай Әліге, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, сондай-ақ бірқатар басқарма басшыларына жылыту маусымын кедергісіз өткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда:
коммуналдық нысандардың тұрақты әрі штаттық режимде жұмыс істеуін қатаң бақылау;
әлеуметтік нысандарда жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету;
тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған алдын алу шараларын тұрақты жүргізу;
Жаңатас қаласына мазут пен Қордай ауданындағы білім беру мекемелеріне көмірдің уақытылы жеткізілуін бақылауда ұстау міндеттелді.
Мемлекеттік қызметтер сапасы
Кеңесте мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Бекжан Кеңесбек баяндама жасады.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі белгіленген мерзімде көрсетудің маңызын атап өтіп, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында ішкі бақылау мен мониторингті күшейтуді тапсырды.