Шымкенттегі Нұрай Серікбай ісі: адвокат күдіктіге тағылған айып бабы туралы мәлімдеді
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты іс бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов Threads әлеуметтік желісінде түсініктеме берді. Ол күдіктіге қандай бап бойынша айып тағылып отырғанын нақтылады.
Адвокаттың айтуынша, бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы - яғни «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» дерегі бойынша сараланған. Нұрпейісов бұл құқықтық баптың таңдалуы жәбірленуші тараптың өкілі Аянхан Омаровпен бірлескен жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
Ол тергеу жан-жақты әрі толық жүргізіледі деген үміт бар екенін жеткізді. Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің маңынан жас қыздың денесі табылған. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған. 13 қаңтарда күдікті Шымкент қаласы маңынан ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғаны хабарланған.
Сонымен қатар Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Президент тапсырмасына сәйкес қызметтік тексеріс жүргізіліп, Шымкент полиция департаментінің басшысына тәртіптік шара қолданылғанын мәлімдеді. Кейін Нұрай Серікбайдың өлімінен соң қала ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылған.