Жаңалықтар

Қазақстанда қызылша жағдайы алаңдатарлық: Денсаулық сақтау министрлігі вакцинацияның маңызын ескертті

Қазақстанда қызылшаға шалдығу көрсеткіші әлі де төмендемей отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінде эпидемиологиялық ахуалға арналған жедел жиын өтіп, індеттің таралуына басты себеп ретінде вакцинадан бас тарту факторы аталды.

Министрлік дерегінше, өткен жылдың соңынан бері ауру көрсеткіші өсіп, жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қызылша жұқтырғандардың 79%-ы мүлде вакцина алмаған, 8,4%-ы екпенің толық курсын аяқтамаған, ал 10%-ының иммундық мәртебесі белгісіз. Сонымен қатар екпе алмаған балалардың шамамен 59%-ы ата-анасының шешімімен вакцинациядан тыс қалғаны дәрігерлерді ерекше алаңдатып отыр.

Жыл басынан бері елде 1 951 қызылша дерегі тіркелген. Ең жоғары көрсеткіш Астанада – 581 жағдай, Жамбыл облысында – 339, Алматы қаласында – 317, Алматы облысында – 146 жағдай.

Мамандар қызылшаның өте жұқпалы вирус екенін ескертеді. Вакцина салдырмаған жағдайда ауру ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің төмендеуіне әкелетін отит, жүйке жүйесінің зақымдануы (соның ішінде энцефалит) сияқты асқынулар туғызуы мүмкін. Сирек жағдайда өлімге де соқтырады. Сонымен бірге қызылшадан кейін иммун әлсіреп, ағза басқа инфекцияларға осал болады.

Ерекше қауіп тобында балалар, вакцина алмаған ересектер, жүкті әйелдер және созылмалы дерттері бар адамдар бар. Жүкті әйелдер үшін қызылша түсік қаупін арттырып немесе мерзімінен бұрын босануға себеп болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинация екенін атап өтеді. Мамандар ата-аналарға балалардың екпе мәртебесін тексеріп, Ұлттық профилактикалық күнтізбе бойынша уақытылы вакцина алуды ұсынады. Қосымша ақпаратты EGU.KZ порталы арқылы немесе 7701 нөміріне хабарласып алуға болады.