Репост үшін автокөлік уәдесі: Жанабыловтарға қатысты күдік расталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Олар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, әлеуметтік желіде түрлі ұтыс ойындары мен жарнамалық акциялар ұйымдастырылып, репост жасау арқылы автокөлік ұтып алу туралы уәделер берілген. Осы арқылы азаматтардан қаражат жиналып, ірі көлемде табыс алынғаны анықталған.
ҚМА мәліметінше, алынған қаржы заңдастырылып, жеке мақсаттарға жұмсалған. Қылмыстық іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Қазіргі таңда іс бойынша соңғы процессуалдық шешімді сот шығарады. Тергеу барысы мен өзге де мән-жайлар сот отырысында қаралатын болады.