«Ақталуға негіз жоқ»: Ішкі істер министрі Шымкент полициясын қатаң сынға алды
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының Полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту және полиция қатарындағы тәртіпті нығайту мәселелері қаралды.
Министр қылмыстық істерді тергеу сапасына ерекше тоқталып, бірқатар бағыт бойынша жұмыстың жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның ішінде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда екені айтылды. Ержан Саденов тергеу-жедел бөліністеріне істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық кінәлі тұлға заң аясында әділ жазасын алуы тиіс екені қатаң ескертілді.
Қызметтік тексеру нәтижесінде құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы мен оның бірқатар орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімшелерінің жекелеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.
Министр полиция жұмысына қатысты сынның орынды екенін айтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындардың полицияға деген сенімін қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.