Жаңалықтар

Перизат Қайрат колонияда жұмыссыз отыр: сәнгер мамандығын меңгеруі мүмкін

Қайырымдылық қорын басқарған Перизат Қайрат алаяқтық ісі бойынша 10 жылға сотталғаннан кейін колонияда әлі күнге дейін жұмысқа орналастырылмаған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Комитет мәліметінше, сотталған азаматша сот шешіміне сәйкес жазасын өтеп жатыр. Алайда мекемеде бос жұмыс орындарының болмауына байланысты қазіргі уақытта еңбекке тартылмаған.

Бұған дейін, 2025 жылғы қазанда ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның қабілеті мен дағдысына, сондай-ақ мекемедегі бос орындардың бар-жоғына байланысты шешілетінін айтқан болатын.

ҚАЖК өкілдері сотталғандардың колонияда 48 түрлі мамандықты меңгере алатынын хабарлады. Олардың қатарында аспаз, сәнгер, ара өсіруші секілді кәсіптер бар. Сонымен қатар 34 бағыт бойынша қысқамерзімді курстар қарастырылған.

Комитеттің мәліметінше, әйелдер колониясында ең сұранысқа ие мамандықтар – тігінші, шаштараз, визажист, кондитер және пішуші-тігінші. Әрбір сотталған азаматтың еңбек етуге және мамандық таңдауға құқығы бар екені атап өтілді.

ҚАЖК Перизат Қайраттың нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқанын жариялаған жоқ.

Еске салайық, Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы әрі еріктілер қозғалысының белсенді жетекшісі ретінде танылған. 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі оны 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

2025 жылғы 25 шілдеде сот шешімімен ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның анасы 7 жылға сотталған.