Ербол Қарашөкеев меркілік зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы жаңа Ата заң жобасының мәні мен мазмұнына, негізгі бағыттарына тоқталып, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің аймақ атынан Конституциялық комиссия құрамында ел тарихындағы аса маңызды миссияны абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.
Ербол Қарашөкеев жаңа Конституцияның адам мен ел дамуына бағытталғанын, онда адам құқықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығы, әділеттілік, заң үстемдігі және экология мәселелері Конституция деңгейінде бекітілгеніне назар аударды.
Басқосуда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын, жазушы, ауданның құрметті азаматы Шырын Мамасерікова Конституциялық реформа мен жаңа Ата заң жобасына қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.