Жаңалықтар

Жамбыл облысында күшті жел салдарынан бірнеше нысанға зақым келді

Жамбыл облысында екпінді желдің әсерінен бірқатар инфрақұрылым нысандары бүлінді. Аудан әкімдігі тұрғындарды қажет болмаса сыртқа шықпауға және көшеде барынша сақ болуға шақырды.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 6 ақпанда Сарысу ауданының Жаңатас қаласында желдің жылдамдығы секундына 32 метрге дейін жетіп, түрлі нысандарға зиян келтірген.

Атап айтқанда, 1-шағынауданда орналасқан №32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің, сондай-ақ 3-шағынаудандағы №6 үйдің, 4-шағынаудандағы №15 және №15 «а» үйлерінің шатырлары ішінара зақымданған. Сонымен бірге Бейбітшілік көшесіндегі ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр қуаты уақытша өшкен.

Қазіргі таңда зардап шеккен тұрғындар туралы мәлімет тіркелмеген. Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, жағдайды бағалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ресми дерек бойынша қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, ахуал облыс әкімінің тікелей бақылауында.