Нұрлан Сабуровқа Ресейге ұзақ мерзімге кіруге шектеу қойылды - жаңа деректер тарады
Танымал әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресей Федерациясы аумағына 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат жарияланды. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, мұндай шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесін қамтамасыз ету» мақсатында қабылданған. Дегенмен, әзірге Ресейдің ресми органдары да, комиктің өзі немесе оның өкілдері де бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
БАҚ деректеріне сәйкес, Сабуров Дубайдан түнгі рейспен Мәскеудегі Внуково әуежайына ұшып келген. Паспорттық бақылаудан кейін оны жеке бөлмеге шақырып, Ресейге кіруге шектеу қойылғаны туралы құжат таныстырылғаны айтылады. Кейбір дереккөздерде бұл сәттің видеосы да әлеуметтік желілерде тарағаны хабарланды.
Telegram-арналарында құқық қорғау органдары материалдарында қаржылық мәселелер де қозғалғаны жазылған. Атап айтқанда, Ресейде тапқан табысты делдалдар арқылы аудару ықтималдығы жөнінде болжамдар айтылуда. Сондай-ақ комиктің Ресей аумағында 60 миллион рубльден асатын мүлкі бар деген ақпарат тараған.
Бұған дейін ресейлік басылымдар Сабуровтың Мәскеу маңында шамамен 115 миллион рубль (шамамен 731 миллион теңге) тұратын қымбат коттеджі мен жер телімі барын жазған еді. Сонымен қатар оның автопаркіне 2018 жылғы Mercedes «Гелендваген» (шамамен 20 млн рубль немесе 128 млн теңге) және 2021 жылғы Cadillac Escalade (шамамен 11 млн рубль немесе 70 млн теңге) кіретіні айтылып жүр.