Жаңатастағы дауыл салдары: облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды
Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жаңатас қаласында екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан бірқатар тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына зақым келді. Осыған байланысты облыс әкімі өңірге арнайы барып, жағдаймен танысып, апат салдарын жою жұмыстарын пысықтады.
Атап айтқанда, 1-шағынауданда орналасқан №32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің, сондай-ақ 3-шағынаудандағы №6 үйдің, 4-шағынаудандағы №15 және №15 «а» үйлерінің шатырлары ішінара зақымданған. Сонымен бірге Бейбітшілік көшесіндегі ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр қуаты уақытша өшкен. Алдын ала мәліметке сәйкес, үш көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толық, жеті үйдің шатыры жартылай бүлінген. Сондай-ақ жеті кәсіпкерлік нысанының шатыры зақымданып, шамамен екі шақырым электр желісі үзілген.
Қазіргі таңда коммуналдық жүйелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, әлеуметтік нысандарға зиян келмеген. Зардап шеккен тұрғындар туралы ақпарат тіркелмеген.
Оқиғаға байланысты аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды. Қалпына келтіру жұмыстары бүгіннен басталады. Облыс әкімі аудан әкімдігіне, төтенше жағдайлар департаментіне және жауапты басқармаларға апат салдарын жою жұмыстарын жедел қолға алуды тапсырды.
Зерделеу жұмыстары жалғасуда. Апат салдарын жоюға қажетті қаржы қарастырылып, тұрғындарға барлық тиісті көмек көрсетілетін болады. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.
