Жаңа Ата Заңда төл мәдениет пен құндылықтарға қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз – Қарин
Ел азаматтары мен сарапшылардың Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарын талқылау белсенді кезеңінен өтіп, енді оларды нақты жүзеге асыру жұмыстары басталады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин айтып, әлеуметтік желілерде туындап жатқан сұрақтар мен пікірлерге қатысты өз ойын білдірді.
Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, жаңа Ата заңның мәтіні жарияланғаннан бері қоғамда қызу талқылау жүрді. Қазақстандықтардың конституциялық реформаға қатысты белсенділігі әртүрлі платформаларда көрініс тауып, мыңдаған ұсыныстар қабылданды.
Сонымен қатар, Комиссия отырысы барысында әлеуметтік желілерде конституциялық өзгерістерге қатысты сұрақтар мен пікірлердің кездесетіні айтылды. Ерлан Карин бұл мәселеге де кеңінен тоқталды.
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, мұндай сұрақтар қойылса, демек қоғамда, аз болса да, осылай ойлайтын азаматтар бар екенін көрсетеді. Белгілі бір топтың көзқарасын білдіреді. Сондықтан ол өзге елдің Конституциясын неге жәй ғана көшіріп алуға болмайтынын түсіндіріп кетті.
Ерлан Карин тоқталып өткен тағы бір мәселе – Комиссияның құрамына қатысты. Ол қолданыстағы Конституцияны үш шетелдік сарапшыны қосқанда неге тек 12 адам жазғанын, ал жаңа Ата Заңды 130 адамнан тұратын комиссияның әзірлеуінің логикасы мен себептерін түсіндірді.