Жаңалықтар

Еліміз алғашқылардың бірі болып цифрлық деректерді қорғау нормасын Ата Заңға енгізіп отыр – Ерлан Қарин

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, кейбір азаматтар әлеуметтік желі арқылы «Әуреге түскенше, өзге елдің Конституциясын көшіріп ала салу керек қой» деген де пікірлерін жолдап жатыр.

Мемлекеттік кеңесші Конституцияның 21-бабының 1 және 2 тармақтарында жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілетінін айтты.

Ерлан Қариннің айтуынша, аймақтың құқықтық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық – әйгілі Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қояды.

Сонымен қатар, жаңа саяси институттардың енгізілуі – Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, жалпы айналамыздағы үлкен кеңістік үшін де саяси жаңашылдық болып саналады. Ерлан Қарин бұл тұрғыда бір палаталы парламент, вице-президент институты, «Халық кеңесі» жоғары консультативтік органы, Конституциялық соттың енгізілуі – көптеген елдердің саяси жүйесімен салыстырғанда, үлкен саяси инновациялық қадам екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік Кеңесші атап өткендей, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны – табиғатты аялау, волонтерлік, ата-аналарға жауапкершілік секілді қоғамдық дамуда пайда болып отырған жаңа талаптар, құндылықтар жаңа Ата Заңда қамтылды. Бұл да жаңа Конституцияның қоғамның қазіргі жағдайына, даму деңгейіне сәйкес екенін көрсетеді.