Жаңалықтар

Қордай пиязы-өңір бренді: өнім өсіру мен сақтаудағы жаңа мүмкіндіктер

Қордай ауданы соңғы жылдары тек облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де пияз өсіру бойынша алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі ретінде танылып келеді. Күзгі қызыл пияз өнімі-шаруалардың тынымсыз еңбегі, тәжірибесі мен күнделікті қажырлы жұмысының нәтижесі.

Фермерлердің айтуынша, пияз өсіру оңай шаруа емес. Тұрақты суару, қолайлы климаттық жағдай және егіс мерзімін дұрыс таңдау өнім сапасына тікелей әсер етеді. Соған қарамастан, бұл дақыл экономикалық тұрғыдан тиімділігі жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі саналады.

Өнімді өсірумен қатар, оны дұрыс сақтау мен сапасын жоғалтпай тұтынушыға жеткізу де аса маңызды. Сондықтан қазіргі заманға сай жабдықталған көкөніс сақтау қоймаларының рөлі ерекше.

Бұл бағытта Масаншы ауылындағы «Раби» шаруа қожалығының тәжірибесі назар аударарлық. Қазір мұнда жеті көкөніс қоймасы жұмыс істейді, оның екеуі 2025 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сақтау сыйымдылығы шамамен 36 мың тонна пиязды құрайды. Шаруашылық өнімді ішкі нарықпен қатар Ресейге де экспорттайды.

Қоймалар заманауи технологиялармен жабдықталған, бұл пиязды ұзақ уақыт бойы бүлдірмей сақтауға мүмкіндік береді.

Масаншы ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Есіркеповтің айтуынша, мұндай қоймалар экономикалық жағынан өте тиімді. Олар өнімді бірден сатпай, нарыққа қажетті уақытта шығаруға жағдай жасайды, сондай-ақ бәсекелестікті арттырады.

Әдетте экспорт ақпан айының соңында басталатын болса, биыл қыстың жұмсақ болуына байланысты тасымал ертерек қолға алынған. Негізгі өнім Ресей қалаларына жөнелтіледі.

Бүгінде Масаншы ауылындағы 107 шаруа қожалығы пиязын осы қоймаларда сақтайды. Бұдан бөлек, кейбір жеке шаруашылықтарда 50–100 тоннаға арналған шағын қоймалар бар. Қазір күн сайын 21 тонна өнім тиеген 5–6 жүк көлігі нарықтарға жөнелтіледі. Жалпы Масаншы аумағында сақталған пияз көлемі 246 500 тоннаға жетеді.

Заманауи сақтау инфрақұрылымы өнімнің ысырап болуын азайтып, сапалы көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, аудан экономикасына елеулі үлес қосып отыр.