Президент салық жүйесін жаңғырту мен бизнеске серіктестік қағидатын күшейтуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясаты мен мемлекеттік басқару тәсілдерін жетілдіру мәселесіне тоқталып, жазалаушы көзқарастан бас тарту қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, салық органдары мен кәсіпкерлер арасында серіктестікке негізделген өзара сенім қалыптасуы тиіс. Мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді ықпалдастық әділдікке, өзара тиімділікке және экономиканы дамытуға ортақ жауапкершілікке құрылуы қажет.
Президент бұл мәселелер жөнінде бұған дейін де пікір білдіргенін айтып, мемлекеттік қызметкерлердің ақпаратты мұқият оқып, талдау мәдениетін арттыру керектігін еске салды. Оның сөзінше, кәсіби деңгейдің жоғары болуы үшін тұрақты түрде оқу мен ізденіс маңызды.
Сондай-ақ қаржы секторына қатысты бірқатар нақты міндеттер қойылды. Банктер, агрегаторлар және маркетплейстер салықтық әкімшілендіру жүйесіне толық енгізіліп, салық агенттері функциясын атқаруы тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық форматта жұмыс істейтін «фискалдық деректер фабрикасын» қалыптастыру тапсырылды.
Президент 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден салаларын басқарудың цифрлық жүйесін енгізу стратегиялық міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогын және отандық өндірушілер тізілімін жедел іске қосу, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейту қажеттігі айтылды.
Бұл ретте жаңа талаптар бизнеске кедергі келтірмеуі тиіс екені ерекше атап өтілді. Президенттің айтуынша, шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне теріс әсер ететін шешімдер инвестициялық ахуалға зиян келтіруі мүмкін, сондықтан бұл бағытта теңгерімді саясат жүргізу маңызды.