Әулиеата тұлғаларының мұрасы Қызылордада таныстырылды
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығына және ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты жылжымалы көрменің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиынды Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Жаннат Ахметова ашып, көрменің рухани мұраны насихаттаудағы маңызына тоқталды. Ол тарихи құндылықтарды дәріптеу жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейтжан Ілияс және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер, Бауыржан Момышұлының немере інісі әрі «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Бекет Момынқұл көрменің тағылымдық мәні туралы пікір білдірді.
Көрмені тамашалауға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қонақтар экспозициядағы жәдігерлермен танысып, олардың тарихы мен мазмұнына қызығушылық танытты.
Экспозицияда қазақ халқының рухани және мәдени өмірінде айрықша орны бар тұлғалардың жеке заттары, сирек фотосуреттері, кітаптары мен қолжазбалары қойылған. Атап айтқанда, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Жазылбек Қуанышбаев, Бауыржан Момышұлы, Асанәлі Әшімов, Әбдімомын Желдібаев, Бақытжан Ертаев, Сейтжан Қойбақов, Есен Демесінов және Қайрат Рысқұлбековке қатысты құнды материалдар ұсынылды. Жалпы көрмеге 100-ден астам тарихи жәдігер қойылған.
Көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық тарих пен мәдениетке деген құрметін арттыру, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың шығармашылық және қоғамдық қызметін кеңінен таныстыру. «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» көрмесі өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шара болып отыр.