Ауыл дамуы – жаңа мүмкіндіктер: «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңір экономикасына серпін беруде
2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде еңбек белсенділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға елеулі ықпал етті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл тұрғындары жеке кәсібін ашуға нақты мүмкіндік алып, жүздеген жаңа жұмыс орындары құрылды. Көптеген бастамашыл азаматтар өз бизнес-идеяларын жүзеге асырып, еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті.
2025 жылы бағдарламаның басым бағыты жеке кәсіп ашуға қолдау көрсету болды. Қайтарылған қаражат есебінен жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 517 жоба қаржыландырылды. Бұл ауылдық аумақтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, шағын кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін берді.
Аграрлық сектор мен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауыл тұрғындарына 50-ден астам үлгілік жоба ұсынылды. Соның нәтижесінде кірпіш пен құрылыс блоктарын өндіру, тігін шеберханалары, жылыжай шаруашылықтары, жиһаз цехтары, өзіне-өзі қызмет көрсететін автожуу орындары және басқа да бағыттар дамыды.
Мәселен, Байзақ ауданы Түймекент ауылдық округінде «Медет-2020» ЖК жетекшісі Гүлжан Ногаева 2025 жылдың ақпан айында жылыжай кешеніне қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алу үшін 8 млн теңге несие алды. Қазіргі уақытта ол бірнеше адамды жұмыспен қамтып, қияр өсіріп, өнімін жергілікті тұрғындарға табысты түрде өткізуде.
Ал Т. Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында кәсіпкер Сәуле Кәмілжан («Абзал» ЖК) аяқ киім өндірісіне арналған жабдықтар алу үшін 6,3 млн теңге несие алды. Бүгінде кәсіпорын былғары аяқ киім шығарып, өңір бойынша тапсырыстар қабылдап, өндіріс көлемін біртіндеп ұлғайтып келеді.
Сол аудандағы Құлан ауылында кәсіпкер Еркін Сүлейменов («Ayala» ЖК) қақпалар мен сәндік металл бұйымдарын өндіруге арналған жабдықтар сатып алу үшін 7,3 млн теңге несие алды. Кәсіпорын көркем өрнекті металл бұйымдарын жасап, тапсырыстар қабылдап, өндіріс аясын кеңейтуде.
Бұл мысалдар бастамашыл ауыл тұрғындарын қолдау шағын бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отырғанын көрсетеді.