БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Байзақтық кәсіпкер балық шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуде

Байзақтық кәсіпкер балық шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуде
Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен қарқын алып келеді. 2021 жылы ҚР Үкіметі бекіткен және 2030 жылға дейін жоспарланған салалық бағдарлама бүгінде нақты нәтижелер көрсете бастады. Оны жүзеге асыруға Жамбыл облысының фермерлері де белсенді қатысып, балық өсіру ісін табысты меңгеруде.

Соңғы жылдары Байзақ ауданында Талас өзені бойында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар саны артты. Солардың бірі - «Ақмол-2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Кооперативті кәсіпкер Жаннат Шайдилдаева басқарады.

Кәсіпкер балық өсіру ісіне мемлекеттік бағдарлама қабылданғаннан кейін қызығушылық танытқан. Қажетті құжаттарды рәсімдеп, 2021 жылдың күзінде 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды. Бұл қаржыға Сарыкемер ауылының шығыс бөлігінде, Талас өзенінің жағалауынан үш гектар жер телімі сатып алынып, ретке келтірілді. Кәсіпкердің үйі мен өзіне тиесілі 11 гектар жер де осы маңда орналасқан.

Қазіргі уақытта кооператив аумағында жасанды балық тоғандары жұмыс істеп тұр. Тоғандарға Талас өзенінен арнайы құбыр арқылы таза су жіберіледі, ал пайдаланылған су шлюз жүйесі арқылы сыртқа шығарылып, экологиялық тепе-теңдік сақталады.

Жаннат Шайдилдаеваның айтуынша, бұрын өз жерінде егіншілікпен айналысып, көкөніс өсірген. Ал балық шаруашылығын қолға алу жаңа тәжірибе мен көп еңбекті талап еткен. 2022 жылы «Тараз» ӘКК арқылы 15,8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, алты жасанды тоған дайындаған. Әрқайсысының тереңдігі шамамен үш метр, бір тоған шабақ өсіруге арналған. Тоғандардағы су тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Алғашқы шабақтарды 2024 жылы жібергенімен, күтімнің жеткіліксіздігінен нәтиже болмаған. Ал өткен жылы Шайқорық ауылынан екі тонна сазан мен тұқы шабақтары әкелініп, тоғандарға жіберілді. Алдымен жергілікті құрама жеммен қоректендірілсе, кейін өздері өсірген ұсақталған жүгері беріле бастаған. Негізгі мақсат - халықты сапалы әрі экологиялық таза балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Болашақта жылына 90 тоннаға дейін балық өндіру жоспарланып отыр.

Кооператив мүшелері Бейбіт Камалиденов пен Айнұр Шайдилдаева балықты құстардан қорғау және тоған суын уақытылы жаңарту жұмыстарымен айналысады. Бұл балықтың сақталуы мен сапасына тікелей әсер етеді.

Алдағы жоспарлар қатарында шабақ өсіретін арнайы цех ашу, аналық балықтан жасанды жолмен алынған уылдырық арқылы сазан мен тұқы өсіру, құстарды үркітетін пневматикалық құралдарды пайдалану, сондай-ақ көктемде қосымша үш адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр.

«Ақмол-2017» кооперативінің тәжірибесі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда балық шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып, ауыл экономикасының дамуына және тұрғындарды табиғи, сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар