Жаңалықтар

Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға тиісті мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында колледждердегі тәрбие жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі күн тәртібіне шығарылып, жүргізілген мониторинг нәтижелері тыңдалды. Талдау қорытындысы бойынша әлеуметтік-психологиялық қызметтердің жұмысы зерделеніп, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар кешені қаралды. Комиссия тарапынан бірқатар колледждердегі анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық кездесулер өткізу, құқықтық сауаттылықты арттыру, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыстар жүргізу және девиантты мінез-құлықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Жиында жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Жүргізілген сауалнамалар негізінде білім алушылардың психологиялық ахуалы сараланып, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру бойынша нақты міндеттер белгіленді.

Серік Сәлемов өз сөзінде жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тек бірлескен жүйелі жұмыс арқылы ғана білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға болады.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, профилактикалық шаралар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.