Шымкентте қайғылы оқиға: ағаш құлап, бала көз жұмды
Шымкент қаласында қайғылы жағдай орын алды. 11 ақпан күні Еңбекші ауданындағы көпқабатты тұрғын үй ауласында ағаш бұтағы құлап, 10 жастағы бала қаза болды.
Құқық қорғау органдары оқиға болғанын растады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қалың қар салдарынан Елшібек батыр көшесіндегі №114 үйдің ауласында тұрған ағаштың бір бөлігі сынып, баланың үстіне құлаған. Ауыр жарақат алған бала жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері дереу жетіп, қажетті шараларды жүргізді. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Ресми органдар әзірге толық түсініктеме берген жоқ.
Мамандар қыс мезгілінде қар мен мұздың салмағынан ағаштардың сыну қаупі артатынын айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырады. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне назар аудару маңызды екені ескертілуде.