Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Конституция бойынша референдум – саяси жүйені демократияландыру жолындағы маңызды қадам

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті. Іс-шаралар барысында жаңа Конституция жобасының негізгі мәні мен алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл саяси бағдар әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарға табан тірейтінін айтты.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалайтынына назар аударды. Құжатта елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға берік кепіл болатын басымдықтар қамтылған. Бұл жаңа Ата Заңның адамға бағдарлануын, мазмұнының айқындығын және қоғамды ұйыстырушы рөлін айқын көрсетеді.

Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасын тарихи құжат деп атап, бұл шешім қоғамдық келісімнің жаңа үлгісіне көшу және ішкі сұраныстар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген уақытылы жауап екенін де тілге тиек етті. Ол конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыдан ілгерілетудің маңызына тоқталып, осы идеяларды нақты тетіктерге, алдағы уақытта қабылданатын заңдарға және құқық қолдану тәжірибесіне тиімді енгізу қажет екенін айтты.

Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері алдағы референдум аясындағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныс-ойларын айтып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Сапар аясында Сенат Төрағасы Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техникалық базасымен, оның ішінде БҰҰ кабинетінің және білім ордасындағы музейдің қызметімен танысты. Сондай-ақ қалалық кітапхана ұжымымен және мегаполистің белсенді жастарымен кездесті. Одан бөлек, сенаторлар Yandex Qazaqstan-ның кеңсесіне барып, еліміздегі цифрландыру үдерістерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.