Wildberries Қазақстанда бөліп төлеу сервисін іске қосты
Wildberries маркетплейсі Қазақстанда тауарларды бөліп төлеу қызметін іске қосты. Жаңа сервис онлайн сауданы қолжетімді ету және сатып алушыларға икемді төлем тәсілдерін ұсыну мақсатында енгізілді. Енді қазақстандықтар платформадан тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып ала алады.
Қызмет елдегі ірі қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асқан. Бағасы 10 000 теңгеден жоғары тауарларды рәсімдеу кезінде мобильді қосымшада 3 немесе 6 айға бөліп төлеу нұсқасын таңдауға болады. Пайдаланушылар бірнеше серіктестің ұсыныстарын салыстырып, комиссиясы мен шарттарына қарай өзіне тиімдісін таңдайды. Тауардан бас тартқан жағдайда бөліп төлеу автоматты түрде тоқтатылады.
Компания мәліметінше, жаңа төлем сервистері сатып алушылар тәжірибесін жақсартып қана қоймай, сатушылардың сатылым көлемін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жақын уақытта платформада исламдық банкинг қағидаларына сай бөліп төлеу қызметін енгізу жоспарланып отыр.