Жаңалықтар

Үнзила Шапақ: Жаңа Конституция жобасында тарихымыз алғаш рет мызғымас ұлттық құндылық ретінде танылды

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының алғашқы жиынында мәлімдеді.

Депутат Конституцияның преамбуласын қайта қарау жөнінде ұсыныс білдіргенін атап өтті.

Ол референдумға ұсынылып отырған Конституция жобасы Егемендік пен Тәуелсіздікті, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекараның мызғымастығын ең жоғары құндылық ретінде нақты бекітетінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар депутат жаңа құжатта елдің терең тарихи тамырына да айрықша мән берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң жобасында мыңжылдық тарихымыз алғаш рет мызғымас ұлттық құндылық ретінде танылды.

Депутаттың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясының өзегі де осы қағидаттармен тікелей байланысты. Сондай-ақ ол әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатты қорғау – ел дамуының өзегі, мемлекеттіліктің тірегі екенін атап өтті.  

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Конституциялық реформаны қолдау мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» деп аталатын жалпыұлттық коалициясы құрылды. Оның құрамына еліміздегі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, жастар бірлестіктері, кәсіподақ ұйымдары және тағы басқалар кірді.