Алматылықтар коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттағанына шағымданды
2026 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы тұрғындары үшін жылу энергиясы мен ыстық су тарифтері шамамен 10 пайызға өседі деген ақпарат жарияланған болатын. Алайда көп ұзамай бұл мәлімет Алматы жылу жүйесінің ресми сайтынан алынып тасталды.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан түсініктемеге сәйкес, сәуір айына жарияланған тарифтер уәкілетті орган тарапынан қайта қаралуы мүмкін. Яғни, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған, тарифтердің нақты мөлшері бекітілгеннен кейін ғана ресми түрде жарияланбақ.
Сонымен қатар, электр энергиясының бағасы қосылған құн салығына (ҚҚС) байланысты өскені белгілі болды. Бұл өзгеріс тұтынушылардың коммуналдық төлемдеріне әсер етуі мүмкін.
Ал «Алматы Су» компаниясының мәліметінше, суық сумен жабдықтау және су бұру тарифтері бұрынғы деңгейде қалады. Қазіргі уақытта бұл қызметтер бойынша бағаны өзгерту жоспарланбаған.
Жауапты мекемелер тарифтерге қатысты барлық өзгерістер ресми түрде бекітілгеннен кейін тұрғындарға қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.