«Дипломмен ауылға»: 38 мың маман баспаналы болды
Қазақстанда 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бүгінге дейін шамамен 38 мың маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Соңғы екі жылға жуық уақыт ішінде 9800 несие рәсімделіп, осы мақсатқа 70 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты бағытталған. 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап бағдарламаның операторы ретінде «Отбасы банк» АҚ бекітіліп, өтінім беру мен кредит алу үдерісі толық цифрландырылды. Қазір барлық қызмет Baspana Market – otbasybank.kz платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Өңірлердегі сұраныс әртүрлі
Бағдарлама аясында маман тапшылығы бар елді мекендерге кадр тарту жалғасуда. Өңірлік көрсеткіштер бойынша Түркістан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары маман қабылдауда көш бастап тұр. Ал Ұлытау, Атырау және Абай облыстарында кадр тапшылығы әлі де өзекті.
Өтінім берушілер арасында мұғалімдер мен дәрігерлердің үлесі жоғары. Дегенмен агрономия, спорт және мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысу деңгейі салыстырмалы түрде төмен күйінде қалып отыр.
Жастарға мүмкіндік
Бағдарлама жас мамандар үшін тұрғын үй мәселесін шешудің бір жолына айналды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Төлепберген оқуын аяқтай сала ауылға барып, осы жоба арқылы үй алғанын айтады. Оның сөзінше, баспаналы болғаннан кейін отбасын құрып, тұрақты жұмысқа кірісуге мүмкіндік туған.
Ал химия және биология пәнінің мұғалімі Мирас Қажымов 2023 жылы бағдарлама арқылы баспаналы болған. Ол кезде кредиттің максималды сомасы 5,15 млн теңге болғанын айтады. Жас маманның айтуынша, бұл қаражат ауылдық жерде үй алуға жеткілікті болған. Біржолғы көтерме жәрдемақы бөлек рәсімделіп, ол несие алғаннан кейін бір жылдан соң берілген.
Әлеуметтік әсері маңызды
Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы бағдарламаның тиімділігін тек қаржылық қайтарыммен өлшеуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, ауылға келген әр маман қызмет сапасын арттырып, жергілікті экономиканың дамуына жанама әсер етеді.
Бағдарламаның негізгі шарттарының бірі – тұрғын үй кредитін алған маман ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Сарапшының айтуынша, бұл талап мемлекеттік инвестицияның қайтарымын қамтамасыз етеді.
2026 жылғы өзгерістер
Қазіргі уақытта өтінімдер толық цифрландырылған форматта қабылданады. 2026 жылы біржолғы көтерме жәрдемақы көлемі 100 АЕК-ті (432 500 теңге) құрайды.
Тұрғын үйге берілетін кредит сомасы:
ауылдық елді мекендер үшін – 2000 АЕК (8,6 млн теңге);
аудан орталықтары үшін – 2500 АЕК (10,8 млн теңге).
Бағдарлама ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған негізгі мемлекеттік тетіктердің бірі болып қала береді. Сарапшылардың пікірінше, оның әлеуметтік әсері мен аймақтардың дамуына қосатын үлесі алдағы жылдары да өзекті болмақ.