Жаңалықтар

Мемлекет басшысы АҚШ елшісі Джули Стаффтты қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффтты қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту мәселесіне ерекше назар аударды.

Президент жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді сапалы іске асырудың маңызына тоқталып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және экономикалық ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігі айтылды.

Өз кезегінде елші Джули Стаффт Мемлекет басшысына АҚШ Президенті Дональд Трамптың ризашылығы мен ізгі тілегін жеткізді. Ол Құрама Штаттардың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу барысында елші елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң баға беріп, жаңа Конституция жобасы бойынша жоспарланған жалпыхалықтық референдумның табысты өтуіне тілектестік білдірді.

Тараптар алдағы уақытта да екі ел арасындағы саяси диалогты, экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.