Жаңалықтар
Алматыда «Қалқаман» станциясына дейінгі метро тоннелі толық қазылды
- author Admin
- Бүгін, 18:05
- 5
Алматы метросын кеңейту аясында «Бауыржан Момышұлы» және «Қалқаман» станцияларын жалғайтын оң бағыттағы тоннельді қазу жұмыстары толық аяқталды. Ұзындығы 1593 метр болатын жерасты өткелін қазу құрылыстың маңызды кезеңдерінің бірі саналады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін толық тәмамдалады. Қазіргі уақытта станциялар мен инженерлік инфрақұрылымды жабдықтау, әрлеу және іске қосу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Метро желісін ұзарту қаладағы көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жаңа станция іске қосылғаннан кейін батыс бағыттағы аудандардың орталықпен байланысы жақсарады деп күтілуде.
Бүгінде Алматы метросының жалпы ұзындығы 13,4 шақырымды құрайды және 11 станциядан тұрады. «Қалқаман» станциясының пайдалануға берілуі жерасты көлігінің қамту аймағын кеңейтіп, жолаушылар ағынын арттыруға ықпал етпек.


