Жамбыл облысында балық шаруашылығы қарқын алып келеді
амбыл облысында балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған 2030 жылға дейінгі салалық бағдарлама аясында өңір кәсіпкерлері балық өсіруге белсенді кірісуде. Солардың бірі - Жанат Шайділдаева жетекшілік ететін «Ақ-мол – 2017» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі. Кәсіптің басты мақсаты - тұрғындарды экологиялық таза балық өнімдерімен қамтамасыз етіп, өңір экономикасына үлес қосу.
Кооператив балық шаруашылығын 2021 жылы мемлекеттік грант жеңіп алғаннан кейін қолға алған. Кәсіпкер Сарыкемер ауылы маңынан жер сатып алып, оны балық өсіруге бейімдеп, жасанды тоғандар салды. Кейін жеңілдетілген несие арқылы шаруашылықтың материалдық базасы күшейтіліп, жалпы саны алты тоған іске қосылды. Арнайы құбырлар арқылы Талас өзенінен таза су жеткізіліп, пайдаланылған су реттелген жүйемен сыртқа шығарылып отырады.
Алғашқы шабақтарды әкелу тәжірибесі сәтсіз болғанымен, кәсіпкерлер ізденісті тоқтатпаған. Кейін жергілікті шаруашылықтардан сазан мен карп шабақтары жеткізіліп, қазір олардың күтімі тұрақты жүргізілуде. Балықтарға дайын жеммен қатар өздері өсірген жүгері де беріледі.
Шаруашылық мүшелері тоғандардың күтімімен қатар балықты құстардан қорғау, су сапасын бақылау сияқты жұмыстарды жүйелі атқаруда. Алдағы уақытта шабақ өсіретін арнайы цех ашу, жасанды жолмен уылдырық алу технологиясын енгізу және қосымша жұмыс орындарын құру жоспарда бар.
Жоба толық қуатында жұмыс істеген кезде кооператив жылына шамамен 90 тоннаға дейін балық өнімін өндіруді көздеп отыр. Бұл бастама өңірде агробизнес бағыттарының кеңеюіне және сапалы азық-түлік өндірісінің артуына оң ықпал етпек.