Жамбылда «қайтыс болды» деп танылған әйел тірі табылды
Жамбыл облысында қайтыс болды деп танылып, тіпті жерленді деп есептелген 1953 жылы туған әйел 2025 жылдың қыркүйегінде бір айдан кейін үйіне аман оралды. Бұл жағдай құжаттық қателіктер мен тұлғаны анықтау рәсімдерінің маңызын көрсеткен ерекше оқиға ретінде назар аудартты.
Әйел 2024 жылдың тамызында Тараз қаласына әпкесінің үйіне көшіп барған. 2025 жылғы Құрбан айттан кейін ол хабарсыз кетіп, туыстары полицияға жүгінген. Сол жылдың тамыз айында ауыл маңындағы далада мәйіт табылып, қылмыстық іс қозғалған. Талапкер табылған денені анасы деп танып, соның негізінде өлім туралы акт жазбасы тіркеліп, тиісті куәлік берілген.
Алайда бір ай өткен соң әйел Жамбыл ауданының Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне өздігінен келген. Белгілі болғандай, ол Айша бибі ауылында пияз теру жұмысына орналасып, сол жақта тұрған. Зейнетақы төлемдері тоқтаған соң Таразға келіп, өзінің ресми түрде «қайтыс болғанын» білген.
Кейін сот шешімімен табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екені анықталды. Эксгумация және сот-медициналық, генетикалық сараптамалардан соң марқұмның нақты тұлғасы белгілі болып, қылмыстық іс тоқтатылды. Сот талапкердің арызын қанағаттандырып, өлім туралы куәлік пен акт жазбасын жарамсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енді.