Жаңалықтар

Жамбыл облысында пара және сурдо спортшылар жоғары жетістіктерімен ерекшеленді

Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі спортшылар 2025 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, аймақ спортындағы маңызды жетістікке қол жеткізді. Еркін күрес пен дзюдо бағытындағы спортшылар әлем чемпионаттары, Азия біріншіліктері және Сурдлимпиада ойындарында жүлделі орындар иеленіп, өңір абыройын арттырды.

Мекеме 2013 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы негізінде құрылған. Қазіргі таңда клубта 30 жаттықтырушы жұмыс істейді және 395 спортшы 16 спорт түрі бойынша тұрақты жаттығады. Оның ішінде паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және ұлттық спорт бағыттары қамтылған.

2025 жылғы қорытынды бойынша спортшылар әлем чемпионаттарында 9 медаль, Әлем кубоктарында 57 медаль, Азия чемпионатында 15 медаль және Қазақстан чемпионаттарында 213 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында 157 спортшы өнер көрсетуде.

Сурдо еркін күресінде 14 спортшы жаттығады. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен еңбек сіңірген спорт шеберлері бар. Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбай Сурдлимпиада және әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алып, тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Сурдо дзюдо бойынша 19 спортшы шұғылданады. Айдос Түгелбай, Фериде Кара оглы және Анна Краморова әлем чемпионаттары мен Сурдлимпиада ойындарында медаль иеленіп, Қазақстан құрамасының негізгі спортшыларына айналды.

Жалпы, Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі жандар спорты жүйелі дамып, халықаралық деңгейдегі нәтижелерімен ел спортындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде қалыптасып отыр.