Жаңалықтар

Жамбыл облысында 2026 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді

2026 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Жамбыл облысында жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар қызметтері және жауапты мекемелер кешенді дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендерді ықтимал су басу қаупінен қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аса маңызды.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, облыс аумағында жердің қату деңгейі Тараз қаласында 12 см, Қордай ауданында 30 см шамасында тіркелді. Қазіргі таңда елді мекендерден қар шығару жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Жалпы су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Жүргізілген алдын алу шаралары нәтижесінде 34 елді мекенде қауіп толық жойылып, тағы 2 елді мекенде қауіп деңгейі едәуір төмендеді.

«Шоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне келетін судың ықтимал әсерін азайту үшін бірқатар инженерлік жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы қауіпті учаскелерде өзен жағалауы нығайтылып, арнасы механикалық тазартылды және судың бағытын реттеу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Алматы–Ташкент–Термез» автожолы маңында дамба биіктігі 1,5–2 метрге дейін көтеріліп, өзен арнасы қауіпсіз бағытқа бұрылды. «Денсаулық» саяжайы аумағында да жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы көктемгі кезеңге дайындық аясында жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 ирригациялық жүйе мен 7 канал механикалық тазалаудан өтті. Арық және дренаж жүйелері қалпына келтіріліп, 11 далалық көпір ауыстырылды. Мойынқұм ауылындағы Радай өзені бойында да жағалау нығайту жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында облыс бойынша 396 қабылдау пункті дайындалып, 119 мың адамды уақытша орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Қажетті техника, шатырлар, төсек орындары және азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша келісімшарттар жасалған. Қазіргі уақытта 5971 текше метр қар шығарылып, су тасқыны қаупін азайту шаралары жалғасуда.

Су тасқыны кезеңінде әрекет ету үшін өңірде 1927 адам, 485 техника, 132 су айдау құралы және қосымша инженерлік техника тұрақты дайындықта тұр. Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен техникаларды тарту жөнінде де келісімдер жасалған.

Қазіргі уақытта облыс өзендеріндегі су деңгейі тұрақты. Мамандар жағдайды күнделікті бақылап, алдын алу шараларын жүйелі түрде жалғастырып келеді.