Қазақстанда экологиялық авто және авиациялық отын өндіретін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр
Қазақстанда экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын өндіретін зауыт салу жобасы басталды. Бұл туралы KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек Үкімет отырысында мәлімдеді. Жоба елдегі «жасыл» энергетиканы дамыту және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін кеңейту тұрғысынан маңызды.
Компания агроөнеркәсіптік сектордағы өндірісті әртараптандыру бағытында тәжірибесі бар екенін атап өтті. 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы бұрын жұмыс істемеген «Биохим» зауыты сатып алынып, қысқа мерзімде жаңғыртудан кейін қайта іске қосылған. Қазір кәсіпорында жыл сайын 300 мың тонна астық терең өңделіп, крахмал, бидай глютені және биоэтанол өндіріледі. Бұл өнімдер экспортқа шығарылып, жоғары экономикалық тиімділік беріп отыр.
Сонымен қатар KazFoodProduckts «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және америкалық серіктестермен бірлесіп ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып экологиялық авто және авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салуды қолға алды. Жобаның болжамды қуаттылығы – жылына 50 мың тонна, ал инвестиция көлемі шамамен 200 млн долларды құрайды.