Енді құжатты ХҚКО-дан кез келген уақытта алуға болады
Қазақстанда дайын құжаттарды ХҚКО-дан тәулік бойы алу мүмкіндігі кеңейіп жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, постамат қызметі азаматтарға құжаттарды өздеріне ыңғайлы уақытта алу үшін енгізілген. Бұл әсіресе жұмыс уақыты сәйкес келмейтін тұрғындар үшін маңызды шешім саналады.
Постамат - дайын құжатты автоматтандырылған ұяшықтан өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жүйе. Құжат дайын болған кезде азаматтың телефонына арнайы код көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Сол код арқылы ұяшық ашылып, құжат беріледі. Қауіпсіздік мақсатында биометриялық сәйкестендіру де қарастырылған.
Қазір еліміздің 10 өңірінде барлығы 14 постамат жұмыс істейді. Олар арқылы мемлекеттік қызметтің 19 түрі бойынша дайын құжаттарды алуға болады. Олардың қатарында туу, неке қию немесе некені бұзу туралы қайталама куәліктер, қайтыс болу туралы анықтамалар, архивтік құжаттар, сондай-ақ дипломдар мен аттестаттардың телнұсқалары бар.
2025 жылғы деректер бойынша постамат қызметін ең көп пайдаланған қалалар - Семей, Тараз және Түркістан. Құжатты постамат арқылы алу үшін ХҚКО-да өтініш берген кезде осы тәсілді таңдау қажет. Құжат дайын болғаны туралы хабарлама келген соң, оны үш күн ішінде алып кетуге болады. Егер осы мерзімде алынбаса, құжат ХҚКО арқылы стандартты тәртіппен беріледі.
2026 жылдан бастап постамат арқылы құжат алу қызметінің құны 518 теңгені құрайды. Мамандар бұл жүйе мемлекеттік қызметтерді алу тәсілдерін кеңейтіп, азаматтарға қосымша қолайлылық беретінін атап өтті.
Постамат орнатылған ХҚКО мекенжайлары:
– Астана - Керей, Жәнібек хандар көшесі, 4
– Астана - Республика даңғылы, 43
– Алматы (Медеу ауданы) - Марков көшесі, 44
– Алматы (Әуезов ауданы) - Жандосов көшесі, 51
– Алматы (Алатау ауданы) - Нұркент шағынауданы, 5/17
– Шымкент (Әл-Фараби ауданы) - Жангелдин көшесі, 13А
– Шымкент (Қаратау ауданы) - Төлеметов көшесі, 35
– Тараз - Төле би даңғылы, 89Г
– Қордай - Батыс тұрғын алабы, 25
– Қарағанды - Шахтерлер даңғылы, 5/2
– Қызылорда - Астана даңғылы, 46
– Павлодар - Павлов көшесі, 48
– Түркістан - 160-ықшамаудан, 236-құрылыс
– Семей - Папанин көшесі, 34А
Мамандардың айтуынша, бұл қызмет алдағы уақытта сұранысқа қарай кеңейтілуі мүмкін.