Тараздық жас ғалым 3D-принтинг арқылы қалдықтан үй салу технологиясын дамытып жатыр
Тараз қаласының жас ғалымы Жандос Ескермесов өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, 3D-принтинг арқылы тұрғын үй салу технологиясын ғылыми тұрғыда зерттеп, жүзеге асыруда. Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр. Бұл бастама экологиялық мәселені шешуге әрі құрылыс саласында тиімді әрі қолжетімді технология қалыптастыруға бағытталғанымен маңызды.
Зерттеу аясында металлургиялық шлак, резеңке үгінділері мен пластик сияқты қалдықтар 3D-бетон құрамына енгізіледі. Мұндай тәсіл қалдық көлемін азайтып қана қоймай, құрылыс материалдарының беріктігін арттыруға және шығынды төмендетуге мүмкіндік береді. Принтер қабырғаларды дәл әрі жылдам басып шығаратындықтан, қол еңбегі азайып, құрылыс мерзімі бірнеше есе қысқарады.
Жобаның ғылыми дәлелденуіне университеттің зертханалық базасы мен халықаралық әріптестік қолдау көрсеткен. Сарапшылардың айтуынша, бұл технология құрылыс құнын 20–40 пайызға дейін төмендетіп, экологиялық әрі заманауи құрылыс мәдениетін дамытуға жол ашады.