Тоқаев АҚШ-қа барады
18–19 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен Вашингтонға жұмыс сапарымен барады. Сапар аясында Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысады.
Жиында халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері, соның ішінде Газа секторындағы ахуал талқыланады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қазақстан Президенті америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырады.
Кездесулер барысында энергетика, цифрландыру, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға және жаңа инвестициялық келісімдерге жол ашуы мүмкін.
Вашингтондағы жұмыс сапары екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.