Жаңалықтар

Алматы полициясы Ерболат Құдайбергенге қатысты видеоға пікір білдірді

Әлеуметтік желіде «Алматыда полиция қызметкерлері танымал әнші Ерболат Құдайбергенді ұстап, наркология орталығына жеткізген» деген ақпарат тарады. Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Полиция не дейді?
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға көпқабатты үй тұрғындарының шағымы себеп болған. Тұрғындар көршісінің өзін агрессив ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзып жүргенін айтып, полиция шақырған. Учаскелік инспектор оқиға орнына жедел барып, ер адамның шынымен де айналасындағылардың тыныштығына қауіп төндіргенін анықтаған.

Осыдан кейін азамат медициналық тексеруге жіберілген. Сараптама нәтижесі оның психоактив заттардың әсерінде болғанын көрсеткен.
Медициналық көрсеткіштерді және құқықбұзушылықтардың қайталану қаупін ескере отырып, ер адам 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге дәрігерлер бақылауына орналастырылған.

Сонымен қатар, ол бірнеше әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылған:
– азаматтардың тыныштығын бұзу;
– психоактив заттардың әсерімен қоғамдық орында жүру;
– тіркеуде болмау;
– қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.

Полиция оның бұған дейін де қоғамдық тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын атап өтті.

Әнші өкілінің мәлімдемесі
Әншінің менеджері әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, видеодағы адамның Ерболат Құдайберген екені нақты дәлелденбеген. Өкіл жалған ақпарат таратқан парақшаларға қатысты шағым түсірілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ әншінің қазіргі уақытта Алматыда жүргенін растады.

Айта кетейік, Ерболат Құдайберген — «Мен қазақпын» әні арқылы кеңінен танылған қазақстандық әнші әрі композитор.