Жаңалықтар

Тоқаев Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне не үшін қосылғанын түсіндірді

Қазір Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Вашингтон қаласында жүр.

Американың The National Interest басылымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сенімділік – жаңа күш” атты мақаласы жарық көрді.

Президент мақалада қазіргі кезеңде тұрақтылық ең сирек кездесетін стратегиялық ресурстардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қақтығыстар көбейіп, геосаяси бәсекелестік күшейіп барады. Ал халықаралық институттар тығырыққа тірелу, поляризация және қоғам сенімінің төмендеуі салдарынан жиі дәрменсіз күйге түседі.

Оның пікірінше, бұл сенім дағдарысы кездейсоқ туындаған жоқ. Оған мемлекеттік институттарда, халықаралық құрылымдарда және жетекші елдердің саяси жүйелерінде тамыр жайған, бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жемқорлық фактілерінің әшкереленуі әсер етті. Мұндай схемаларға белгілі саясаткерлердің қатысы болуы, солшыл идеологиялық ұстанымдармен байланыстырылатын үкіметтерге қатысты сын көзқарасты одан әрі күшейтті.

Қазіргі халықаралық жағдай прагматизм мен реализмге деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Бұл өзгеріс әсіресе Мюнхен қаласында айқын байқалды. Онда жоғары деңгейдегі батыс көшбасшылары айтқан мазмұнды пікірлер қарапайым шындықты тағы бір мәрте дәлелдеді: ұлттық мүддені елемеуге болмайды, егемендікке қолайсыз фактор ретінде қарауға болмайды, ал тұрақтылықты идеологиялық догмаға сүйеніп құру мүмкін емес.

Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл бастаманы өзгешелейтін ең басты нәрсе – оның логикасы.

Ол сондай-ақ Қазақстанда Дональд Трамптың саяси стратегиясымен байланысты қағидаттарға оң көзқарас қоғамдық және сарапшылық ортада жиі айтылып жүргенін атады. Тоқаев ақылға қонымдылық, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүддені сақтау және соғыстарды созбай, аяқтауға ұмтылу сияқты ұстанымдар қолдау тауып жатқанын айтты.

Бұл қағидаттар қоғамдардың ішкі сұранысына сай келеді. Көпшілік, ең алдымен, қауіпсіздік, тұрақтылық және қадір-қасиетті қалайды. Қазақстанның осы бағытты қолдауы – жай сөз емес, нақты іс. Сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылып, оны нақты әрекеттермен қолдауға шешім қабылдадық.

Бұл – Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімінің заңды жалғасы. Бұл тек дипломатиялық ишара емес, стратегиялық таңдау. Қазақстан әрдайым теңгерімді әрі сындарлы саясат ұстанып келеді. Біз Израильмен берік қарым-қатынас орната отырып, Палестина халқын қолдаймыз және екі мемлекет қағидатына негізделген шешімді бейбітшіліктің бірден-бір орнықты жолы деп санаймыз.

Еске салсақ, кеше Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Вашингтонға баратынын және онда Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың не мәселені талқылайты жайлы хабарладық.