Жамбыл облысында республикалық референдумға дайындық мәселелері талқыланды
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы 13 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арналған отырыс өткізді. Жиында алдағы саяси науқанды сапалы ұйымдастыру және заң талаптарына сай өткізу шаралары қаралды.
Комиссия төрағасы Серғали Айдапкелов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығына сәйкес жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум тағайындалғанын айтты. Дауыс беруге «2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ шығарылатыны хабарланды.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық комиссиялар референдум учаскелерінің шекарасы, комиссия құрамдары және орналасуы туралы ақпаратты 21 ақпаннан кешіктірмей жариялауы тиіс. Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтар өздерін сайлаушылар тізімінен тексере алады. Референдум 15 наурыз күні сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Ал қорытынды нәтижелер Орталық референдум комиссиясы тарапынан 7 күн ішінде жарияланады.
Отырыста референдум науқаны кезеңіндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру және құқықтық жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру міндеттері нақтыланды. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығын арттыру және жұмыстарды үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жауапты тұлғалар айқындалып, барлық шаралардың уақытылы орындалуы қадағаланатыны атап өтілді. Қабылданған шешімдер референдумның ашық, заң талаптарына сәйкес және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.