Жаңалықтар

Жаңа Конституция – қоғам сұранысына сай жаңғыру жолы

Гүлдара Нұрым мен Жигули Дайрабаев Жамбыл облысы аудандарын аралап, тұрғындармен мазмұнды кездесулер өткізді. Республикалық Жалпыұлттық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы саяси жүйенің сәулетін қоғам сұранысына сай қайта жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.

Мәжіліс депутаттарынан құралған топ алдымен Шу ауданы аумағындағы «Шу локомотив депосы» мекемесінде болды. Теміржол саласының қызметкерлерімен жүздесу барысында алдағы референдумның маңызы кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында жұмысшылар елдегі саяси реформаларға бейжай қарамайтынын жеткізіп, жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдайтындарын айтты. Олардың пікірінше, Ата заңға енгізілетін өзгерістер елдің тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады

Коалиция мүшелері Қосқұдық орман шаруашылығында болып, сала қызметкерлерімен және аудан ардагерлерімен кездесті. Ашық форматта өткен басқосуда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, Жаңа жол ауылының тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесуде зиялы қауым өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Ауыл халқы ел болашағы үшін маңызды құжатқа бейжай қарамайтынын білдіріп, жаңа Ата заңды қабылдауды қолдайтындарын айтты.

Референдумға дайындық

Тұрғындар 15 наурыз күні өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға дайын екендерін жеткізді.

Кездесулер барысында Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар әр бап, әр бөлім бойынша кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық диалог алаңында өткен кездесулер жоғары белсенділікпен және сындарлы пікір алмасумен ерекшеленді.

Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Сондықтан әр азаматтың референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы – болашақ үшін жауапкершіліктің көрінісі.