Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Таразда «Заң мен тәртіп. Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті

Таразда «Заң мен тәртіп. Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті.

Алқалы жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің және облыстық мәслихаттың депутаттары, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, өңірдің құқық қорғау және сот жүйесінің, сондай-ақ басқармалардың басшылары қатысты.

Форум басында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

– Бүгінгі форум елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық реформалармен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңа Конституция жобасында отбасы құндылығы, ер мен әйелдің ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені нақты айқындалған. Ортақ мақсатымыз – қауіпсіз, әділетті әрі мейірімді қоғам қалыптастыру. Осы бағыттағы бастамаларыңыздың табысты жүзеге асуына тілектеспін, – делінген құттықтау хатта.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде форум барысында көтерілген мәселелер нақты іс-шаралар арқылы жалғасын табатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қолдауды күшейту мен азаматтық қоғам белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыратын заң қабылданып, құқықбұзушылар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл – қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызды қадам.

Отбасы – мемлекеттің басты әлеуметтік институты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидаты сөз жүзінде ғана емес, нақты іс-әрекет арқылы көрініс табуы тиіс. Бұл ұстаным барлық мемлекеттік органдарға, құқық қорғау құрылымдарына және азаматтық қоғамға ортақ бағдар болуы қажет. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өсуі, әрбір әйелдің өзін қорғалған әрі қадірлі сезінуі, әр отбасының мемлекет қолдауына сенім арта алуы – басты міндет, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар аймақта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. 2025 жылы облыстық полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Бұдан бөлек, отбасыларды қолдау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жүйелі түрде жұмыс атқаруда.

Қорытынды сөзінде өңір басшысы ел болашағына тікелей әсер ететін конституциялық реформаның маңызын атап өтіп, қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мұтәлі, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ «Intellect7G – Эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Маржан Еліқұлова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Ал «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады.

Жалпы, форум тәжірибе алмасуға, тиімді тетіктерді талқылауға және нақты шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаңға айналды.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар