Таразда «Заң мен тәртіп. Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті.
Алқалы жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің және облыстық мәслихаттың депутаттары, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, өңірдің құқық қорғау және сот жүйесінің, сондай-ақ басқармалардың басшылары қатысты.
Форум басында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Ербол Қарашөкеев өз сөзінде форум барысында көтерілген мәселелер нақты іс-шаралар арқылы жалғасын табатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қолдауды күшейту мен азаматтық қоғам белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар аймақта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. 2025 жылы облыстық полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Бұдан бөлек, отбасыларды қолдау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жүйелі түрде жұмыс атқаруда.
Қорытынды сөзінде өңір басшысы ел болашағына тікелей әсер ететін конституциялық реформаның маңызын атап өтіп, қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мұтәлі, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйледі.
Сондай-ақ «Intellect7G – Эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Маржан Еліқұлова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Ал «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады.
Жалпы, форум тәжірибе алмасуға, тиімді тетіктерді талқылауға және нақты шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаңға айналды.