Жаңалықтар
Таразда референдум қарсаңында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 22:01
- 9
15 наурызға белгіленген жаңа Конституция бойынша жалпыұлттық референдум қарсаңында Тараз қаласында түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы орайда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Кенжебек Олжабай, сондай-ақ қалалық штаб мүшелері Нариман Мауленов пен Асқар Абдуалы қалалық көпсалалы аурухананың ұжымымен кездесу өткізіп, алдағы дауыс берудің маңызы мен ел болашағы үшін мәнін түсіндірді.
Кездесу барысында спикерлер референдумның әр азаматқа ел дамуының негізгі бағыттары бойынша өз ұстанымын білдіруге берілетін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті. Кенжебек Олжабайдың айтуынша, халықтың белсенді қатысуы саяси үдерістің ашықтығы мен демократиялық сипатын айқындайды.
Штаб мүшелері ұсынылып отырған конституциялық түзетулерге кеңінен тоқталып, жаңа Негізгі заң құқықтық мемлекетті нығайтуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға негіз болатынын жеткізді.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Аурухана қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, референдумға қатысты жан-жақты ақпарат алды.




