Жаңалықтар

Жамбыл облысында дауыл салдарын жою жұмыстары бақылауда: Нұржан Календеров зардап шеккен нысандарды тексерді

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров 2026 жылғы 21 ақпанда Т. Рысқұлов ауданына барып, қатты желден бүлінген нысандардың жай-күйімен танысты. Бұл сапар өңірдегі төтенше жағдай салдарын жедел бағалап, қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін маңызды болды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жұмыс сапары барысында инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардағы ахуал тексерілді. Еске салсақ, 21 ақпан күні таңғы сағат 04:00-ден бастап ауданда секундына 30 метрге дейін жеткен екпінді жел тіркелген.

Соңғы мәліметтер бойынша, Т. Рысқұлов ауданындағы 7 елді мекенде 29 нысанның шатыры ұшқан, оның 10-ы әлеуметтік нысандар. Сонымен қатар 19 елді мекенде электр жарығы өшіп, 7 елді мекенде газ беру уақытша тоқтатылған. Қалпына келтіру жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылып, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірқатар нысандар бойынша нысаналы төтенше жағдай жарияланған.

Меркі ауданында да дауыл салдарынан 5 ауылдық округтегі 27 тұрғын үйдің шатыры ішінара зақымданды. Бұдан бөлек, 5 білім беру нысанының шатыры мен сыртқы қасбеті бүлінген. 8 елді мекенде электр жарығы өшіп, 3 елді мекенде газ желілеріне зақым келген.

Жалпы екі ауданда да зардап шеккен тұрғындар жоқ, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қазіргі таңда шығын көлемін нақтылау жұмыстары жалғасуда, коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Нұржан Календеров жұмыс сапары аясында жедел штаб отырысын өткізіп, Т. Рысқұлов және Меркі аудандары әкімдеріне қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету бойынша нақты міндеттер жүктеді. Өңірдегі жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.