Солтүстік және шығыс аймақтарда негізінен қар жауып, кей уақытта қалың қар түсуі ықтимал. Ал оңтүстік өңірлерде жауын-шашын көбіне жаңбыр түрінде болады. Сонымен қатар қолайсыз метеорологиялық құбылыстар да қатар жүруі мүмкін: кей жерлерде жел күшейіп, боран соғады. Жолдарда көктайғақ қалыптасып, тұман түсіп, көру қашықтығы төмендеуі ықтимал. Бұл жағдайлар жол қозғалысына кері әсер етуі мүмкін.
Циклонның жылжуынан кейін Батыс Сібір жазығы жақтан антициклон батыс өңірлерге қарай ығысады. Соның салдарынан жауын-шашын біртіндеп тоқтап, ауа температурасы төмендей бастайды. Ашық әрі суық ауа райы қалыптасып, аяз күшеюі мүмкін.
Түнгі уақытта батыс облыстарда ауа температурасы 10–22 градус аязға дейін төмендейді. Солтүстікте 17–25 градус аяз күтілсе, оңтүстікте 0–8 градус аралығында суық болуы болжануда.
23 ақпаннан бастап солтүстік-батыс өңірлерде, ал 24 ақпаннан кейін солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда ауа температурасы күрт төмендеуі ықтимал. Кей өңірлерде аяз 25–37 градусқа дейін жетуі мүмкін.




