Шеттету мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі. Осылайша, Әлімханұлы 2026 жылдың желтоқсан айында ғана шаршы алаңға қайта орала алады. Осы уақыт аралығында оған кез келген жекпе-жекке қатысуға, соның ішінде ресми кездесулер мен көрме айқастарға шығуға қатаң тыйым салынады.
Айта кетейік, былтыр желтоқсанда алынған допинг-сынамадан спортшының қанынан мельдоний препараты табылған. Осыған байланысты WBO ішкі тергеу жүргізіп, 7 желтоқсанға жоспарланған Жәнібек Әлімханұлы мен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек кейінге шегерілген болатын. Бұл кездесу үшінші титулды біріктіру мүмкіндігі ретінде қарастырылған еді.
Мельдоний 2016 жылдан бері тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген. Спортшының командасы мен Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы VADA-дан В-сынаманы ашуды сұрағанымен, қайта талдау да алғашқы нәтижені растады.
Шеттету мерзімі аяқталған соң, Әлімханұлы Бентли – Сааведра жекпе-жегінің жеңімпазына қарсы міндетті түрде титул қорғау кездесуін өткізуі тиіс.
Анықтама: Мельдоний - жүрек-қантамыр жүйесіне арналған дәрілік препарат. Ол ағзадағы зат алмасуды жақсартып, жасушалардың энергияны тиімді пайдалануына ықпал етеді. Осы қасиеттеріне байланысты спортта төзімділікті арттыруы және қалпына келу үдерісін жеделдетуі мүмкін деп есептеліп, допинг санатына жатқызылған.




