Сарапшылар қауымдастығы жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады
2026 жылғы 21 ақпанда Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Сараптамалық алаң жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін, олардың институционалдық, құқықтық және саяси салдарын ашық талқылау форматында өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин алғысөз сөйлеп, Конституция тек ең жоғары заңдық құжат әрі құқықтық акт қана емес, сонымен қатар өзіндік қоғамдық келісім екенін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны әзірлеу және оны қоғамдық талқылау жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі - құжат қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді ғана бекітіп қоймай, елдің қай бағытта дамитынын және Қазақстан болашақта қандай мемлекет құруды көздейтінін айқындайтын басты сұраққа жауап береді.
Бірінші панельдік сессия саяси трансформация, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік институттардың үйлесімділігі мен басқарылуын күшейту мәселелеріне арналды.
Пікірталасты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жүргізіп, жаңа саяси модель институционалдық жетілуге - өкілді органдардың рөлін нығайтуға, партиялық есептілікті дамытуға, үйлестіру механизмдерін күшейтуге және шешімдердің сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Саясаттанушы Марат Шибутов қазіргі Конституция жобасы ауқымы мен құқықтық реттеу тереңдігі жағынан сапалық тұрғыда ерекшеленетінін атап өтті.