Жамбыл облысында ауыз су инфрақұрылымын дамыту аясында екі нысан пайдалануға берілді
- author BAQ-Orda
- 21 ақпан, 2026
- 3
Қазіргі таңда облыс аумағында 357 елді мекен бар, оның ішінде 4 қала және 353 ауылдық елді мекенде шамамен 1,222 млн адам тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде барлық елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылған.
Өткен жылы өңірде су инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы сомасы 13,9 млрд теңге бөлініп, 24 елді мекен мен 9 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл жобалар бойынша орталық атқарушы органға тиісті есеп тапсырылған.
Сонымен қатар тозығы жеткен су құбырлары мен тарату желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Мұндағы негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамту.
2025 жылы 11 елді мекеннің су жүйелерін қайта жаңғыртуға 2,9 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде екі нысан толық аяқталды, ал қалған тоғыз жоба 2026 жылға өтпелі болып қалды. Биыл қосымша тағы екі елді мекенде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 8 жобаға 8,9 млрд теңге бағытталды. Жалпы 2026 жылға 19 жобаға 17,1 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, ауыз су және су бұру жүйелерін жаңарту үшін құны 79,5 млрд теңгені құрайтын 41 жоба әзірленген. Бұл жобаларды іске асыру жалпы сипаттағы трансферттер мен арнайы мемлекеттік қор қаржысы арқылы жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта аталған жобаларды инвесторлар тарту арқылы жүзеге асыру мәселесі пысықталуда. Мамандардың айтуынша, ауыз сумен қамту және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен толық шешімін табады.




